Бұл туралы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі ұйымдастырған діни бірлестіктер өкілдерінің жиынында айтылды. Жиынды ашқан Дін істері комитетінің төрағасы Еркін Оңғарбаев Елбасының бес әлеуметтік бастамасы бүгінде ел арасында қызу талқыланып, жаппай қолдау тауып отырғандығына тоқталды. Мемлекет тарапынан халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған шараларды діни бірлестіктердің мүшелері де сезініп, оның игілігінен қалыс қалмау керектігін ескертті.
Жиынға арнайы шақырылған Ұлттық экономика министрлігі макроэкономикалық талдау және болжамдау департаменті директорының орынбасары Айгүл Ахметованың айтуынша, Президенттің бастамаларын жүзеге асыру мақсатында жол картасы жасақталып, Үкіметте бекітілген. Әлеуметтік пакет есебіндегі бастамалардың орындалу мерзімі мен тетіктері де нақтыланған.
– Бастамаларды жүзеге асырылу жұмыстары басталып кетті. Жол картасы бойынша негізгі 35 шара белгіленді. Енді бес әлеуметтік бағыт бойынша Азаматтық, Бюджет және Салық кодекстері мен 12 заңға өзгерістер енгізілмек. Үкімет арнайы 6 қаулы қабылдайды. Барлық жұмыстар бойынша мүдделі органдар ай сайын есеп беруге міндеттелген, – деді министрлік өкілі.
Үндеудің 5 бағыты бойынша діни конфессия өкілдеріне Ұлттық экономика, Білім және ғылым министрліктерінің қызметкерлері тиісті мәліметтер берді.
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»